Mobile menu

Соры қайнаған спорттың сарыуайымы таусыла ма?

размер шрифта:

Жасыратыны жоқ, қазір Қазақстанда атышулы жемқорлық оқиғасы тіркелмеген сала жоқтың қасы. Cоның ішінде спорттың айналасындағы былықтың біразы әшкере болып, атақты деген спортшыларымыз, әйгілі деген командалар айқайдың астында қалып, ақырында қылмыстық істер көтеріліп, кейбіреулер жауапқа тартылып, бірталай жылды мойнына іліп алып, жазасын өтеуге кесілді. Бәріне тағылған айып бір: бюджет қаржысын жымқырған, бәрінің ақталар уәжі де бір: біз нәтижеге күш салдық, қаржыны өз пайдамызға жұмсамадық!

Сонда ақиқат кімде деп бас қатыруға болар еді, бірақ ақиқатын да, ағы мен қарасын да уақыт деген төреші таразылап берер, ал спорттың, спорттың жанашырлары мен жанкүйерлері не ұтты? Міне, басты сауал - осы!

Сумо мен қазақ күресінің ұқсастығы хақында

Сырт көзге қазір қазақ спорты нақты дамып келе жатқандай әсер беруі мүмкін. Әсіресе олимпиадалық спорт түрлері жағдайын жақсартып, тым тәуір нәтижелерге де қол жеткізуде. Тіпті, қазақ күресінен де айтулы шаралар өткізіліп, ұлттық күресіміздің айы оңынан туып келе жатқандай. «Қазақстан барысы»-ның өзі неге тұрады?! Қыруар қаржы шашылып, кең көлемде аталып өткізілуде. Алайда, түптеп қарағанда, уақытша болмаса, осы шаралардың өзі де спорттың дамуына пәлендей әсері болмасы да анық.

Әлемде өз орнын алған, олимпиадалық спорт түрлеріне жататын күрестердің қай-қайсысының да қазақ күресінен бір мықты айырмашылығы бар. Ол – күрестің жұртшылыққа жариялы түрде жарнамаланып келе жатқан психологиясы, тарихы мен ұстанымы. Мысал ретінде, қазақ күресіне олимпиадалық спорт түрлерінен жақын келетін дзю-доны алайықшы. Бұл күрес түрінде кимононы киіп алып, тек күресе салу емес, ең алдымен осы күрестің ұстанымы әлемге жария болады. Тарихы қалай насихатталады? Бұның өзі бір үлкен мектеп десе де болғандай. ХІХ ғасырдың аяғында жапондық мұғалім Дзигоро Кано ойлап тапқан бұл күрес қазір әлемнің көптеген елдерінде мықты мемлекеттік қолдауға ие, танымал. Ал, біздің қазақ күресінің басқасын айтпағанда тарихын өзгелер емес, өзіміз білеміз бе? Боз кілемде буырқанып күресетін палуандарымыз қазақ күресінің қашан пайда болғанын айта ала ма екен? Мыңнан бір-екеуі болмаса, басым көпшілігі білмейді деуімізге болады. Біз осы күрес төңірегінде әңгіме қаузағанда жапондық күрес түріне бекерден-бекер тоқталған жоқпыз. Өткізіліп жүрген «Қазақстан барысының» кейбір амалдары сол жапондықтардың Сумо күресіндегі әрекеттерге ұқсайды. Сумо күресінің жарыстары өткізіліп жатқан телебағдарламаларды қараңыз да, «Қазақстан барысы» жарысы өткізіліп, жеңілген палуан жеңген палуанға теріні тапсырып жатқан жағдайды қараңыз. Егер, қазақ күресі ертеден келе жатқан тарихы бар десек, онда бүгінге дейін жеткен ертегі-дастан, жырларымызда бір батырымыз екіншісін жеңгенде қарсыласы ұстаған қасқырының терісін арқалап алып кетті дегенді естімеп едік. Өзгелерден көшіріп, қолдан тарих жасап, жұртты алдағанда ұтарымыз қайсы? Одан да шынымен сол қазақ күресінің тарихының насихатталуына жағдай жасамаймыз ба? Тіпті, сол «Қазақстан барысы» - соған ең лайықты алаңдардың бірі де бірегейі. Пайдалана білу керек. Ал бүгінгі әңгіме командалық спорт түрлері болмақ. Өйткені, қазақ осы күнге командалық спорт түрлеріне мықтап ден қоюда. Қаржысын да аямай осы салаға төгіп отыр. Ал нәтижесі баяғыша мардымсыз. Шындығына келгенде, жалпы бүгінде спорт уақытша болмаса, түбегейлі ештеңе ұта қойған жоқ. Спортшылар да сол қалпы. Ең бастысы, бұқара тағы да ұтылып қалды. Енді нақты мысалдарға көшелік.


Жазалау жарысы

Өткен жылы күтпеген жерден шу шықты. Атыраудың намысын жыртып, атағын біраз жерге дейін шығарған, бірнеше мәрте ел біріншілігінің жүлдегері болған, ел Кубогының да иегері болған «Атырау» волейбол командасының басшылары үстінен қылмыстық іс көтерілді. 239 млн. теңге бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылды оларға. Команданың басшысы Жеңісбек Мұхамеджанов пен бас жаттықтырушы Александр Запевалов өз уәждерін алға тартты. «Біз қаржыны өзімізге жұмсағанымыз жоқ, кәсіби жоғары спортшыларды жалдадық, нәтижелерге ғана жұмсадық», – деп ақталуға сайыды әңгімелері. Олардың сөздерінде ақиқат жоқ деп ешкім айтпағанымен, түрменің тұзағынан құтылмады олар. Ақыры Александр Запевалов пен Жеңісбек Мұхамеджанов 8 жылға бас бостандығынан айырылды, бұл аз болғандай, 5 жылға дейін лауазымды орындарға тағайындалу құқығынан да айырылды. Команданың бас есепшісі Светлана Харкина да 8 жылға бас бостандығынан айырылу жазасына кесілгенімен, баласының жасы 14-ке толмағандығы ескеріліп, жазасын өтеу кейінге шегерілді. 239 млн. теңгені мемлекетке қайтаруға да үкім шығарылды.

Елімізде бұдан кейін көп кешікпей тағы спорттық іс елді дүр сілкіндірді. Бұл Батыс Қазақстан облысы спорт басқармасының басшысы Мүслім Оңдағановқа қатысты. Тағылған айып бойынша ол 170 млн. теңге жымқырыпты. Оңдағанов пен сыбайласы деп саналған Меңдіхан Жакенов кінәлі деп танылып, басқарма басшысы ақыры 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Өзге де сыбайластары кесілген үкім бойынша жазаларын алды. Бұдан бөлек Оңдағановты «Құрмет» орденінен айыруды сұрап еді прокурорлар, сот бұл талаптарын орындамады. Бірақ, басқасы сол күйі қалды. Спорт басшылары жазасын өтейді.

Павлодар облысында да спорттық іс қылаң етті. Қаржы полициясының осы облыстағы департаменті Ақсу қаласының спорт және дене шынықтыру бөлімі басшысы үстінен қылмыстық іс көтерді. Істі болған азамат 1 млн. теңге қолды етіпті.

Атырау мен Батыс Қазақстан облыстық спорт салаларына қылмыстық іс көтерілгенін барша жұрт бұқаралық ақпарат құралдарынан біледі. Келесі ақпараттар бойынша Алматы қаласы бойынша қаржы полициясы «Алматы» әйелдер волейбол клубының директоры Нұрпейісованың да үстінен қылмыстық іс көтерді. Бұл басшы 10 млн. теңге қаржы жымқырып, 3 жылға бас бостандығынан шартты түрде айырылған. Басшы ханым келтірген залалды өтепті. Алматы демекші, осындағы қаржы полицейлері велосипед спортын дамытуға арналған спорт клубының директоры үстінен де көтерілген қылмыстық істі тергеуде. Басшы 1,5 теңге жымқырыпты деген күдік бар екен полицейлерде.

Бұл тізім, әрине, толық емес. Біз тек атышулыларын ғана, сосын соңғы әзірде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялы болғандарын тіздік. Бұл спорт саласындағы жазалау жарысы іспетті. Аяқтала ма екен, осынау «дода»? Қайдам, жалғасын табатын сияқты ғой. Өйткені, жоғарыда жазаланғандардың басым бөлігі белгілі бір нәтижеге қол жеткізу үшін қаржыны пайдаланды. Өздері де құралақан қалды деуден аулақпыз, бірақ, негізінен қомақты қаржы нақтылы қойылған міндеттерге жұмсалды. Жазаланғандар негізінен артқан тапсырмаларын орындап шықты, бірақ, гәп тек қана соларда болып тұр ма?

 
Мүслім Оңдағанов  

Бағың тайса, басшың да көмектесе алмайды

Ал, бар гәп біздің елде қалыптасқан жүйеде секілді. Мысалы, шетелдерде Қазақстанның атын танытқан спортшылардың барлығы демей-ақ қояйық, кейбіреулері өзге елдің спортшылары. Палуандар бар бұлардың қатарында, қысқы спорт түрлерінің өкілдері де жеткілікті. Республиканың атын осылайша шығаруға машықтанған спорт басшыларынан өңір басшылары да қалыса қоюы екіталай. Бұларға да өңірлерінің атағы шыққаны жақсы. Және осы атақ- даңқтың дүркірегені өздерінің есімдерімен тікелей байланыстырылып жатса, тіптен керемет. Мысалы...

Біз жоғарыда тізбектеген мысалдардың қай-қайсысын алсақ та, спорт клубтары да немесе сол саланың өңірдегі дамуы да белгілі бір тұлғалардың есімдерімен байланыстырылады. Айталық, «Атырау» волейбол командасын алайықшы. Сонау екімыңыншы жылдардың бас кезінде құрыла салып, талай биіктерге жетті, шынайы шыңдарды бағындырды. Ел біріншілігінің жүлдегері, кубогтың иегері атанды. Тіпті, Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы сынды әлемге танылып қалған биік дәрежелі халықаралық волейбол жарысы өткізілді Атырауда. Бұл үрдіс бір әкімнің кезінде бастау алса, өзге әкімдер кезінде де жалғасын тапты. Тіпті, бір әкімнің кезінде «Атырау» волейбол командасы да, осы аттас футбол құрамасы да, «Атырау барыстары» деп аталатын баскетбол командасы да кубог иегерлері атанды. Жақында құрылған атыраулық «Бейбарыс» хоккей командасы да екі мәрте ел чемпионы атағын жеңіп алды. Бұлардың қатарында мықты деген спортшылар ойнады, азын-шоғын жалақыға емес, әрине. Әкім ауысты, енді сол командалардың біразы бұрынғы мықтылықтарынан айрылды. Футбол командасынан басқасы. Хоккейшілер бұрынғы чемпиондық атағымен қош айтысса, баскетбол командасы басшыларының тарапына 65 млн. теңгені жымқырды деген күдікпен қылмыстық іс көтерілді. Оралдағы да, Алматыдағы да жағдай осыған сәйкес. Қаржы құйылды, мықтылар шақыртылып, нәтижелерге қол жеткізілді. Бақ тайды, бәрі де адыра қалды. Өңір басшылары өзгергендіктен бе немесе небір саяси топтардың ықпалы әлсірегендіктен бе әйтеуір, бір кездері атағы дүркіреген спорт клубтарының басынан енді аумалы-төкпелі замандар өтуде...


Қайда кеттің «Алтын доп», «Алтын шайба»?

Спорт өңір басшысына ғана тәуелді болған біздің жүйе осындай келеңсіз жағдайлармен жалғасатын үрдістен таяу арада ажырамайды. Неге? Өйткені, бізде жүйеленген ұзақ мерзімді спорт саласының жоспарлы саясаты жасақталмаған. Өңірлерді былай қойғанда, Олимпиададан Олимпиадаға дейінгі аралықтарға ғана есептелінетін шараларды назарға алмағанда, Республика бойынша науқаншылдықтан басқа мардымды ештеңе жоқ. Өйткені, командалық спорт түрлері бойынша мамандарды дайындау, мектеп жасындағы балалардан іріктеп алып, мықтыларды ересектер деңгейіне шейін дайындау деген атымен жоқ деуге болады. Еріксізден шет елдерден мықты дегендерді қыруар қаржы шашып, шақыртуға тура келеді. Өзіміздікі қайда?

Өзіміздікі болса, жанбай жатып өшеді. Балалар мен жасөспірімдер спорт саласы белгілі бір кезеңдерде болмаса, тұтастай алғанда бір даму деңгейінде емес. Кеңес өкіметі кезіндегі «Алтын доп», «Алтын шайба» ойындары қайда? Бұл ойындарға кезінде бұқара кеңінен тартылып, небір талантты спортшылар шығып еді. Бұны ешкім жоққа шығара алмайды. Қазір де бұның жұқанасындай бір жарыстар ұйымдастырылады. Бірақ, баяғы сол науқаншылдық. Хоккейді айтпағанда, футбол, волейбол, баскетболдан дайындайтын секциялар ірі-ірі қалаларда болмаса, жаппай елде жоқ. Аудан орталықтарындағы спорт мектептеріндегі командалық спорт түрлерінің жаттықтырушылары жарыс сайын балалары үшін қаражат іздеп әлек. Өйткені, бюджеттен қарастырылған қаржы бірді-екілі жарыстан кейін түгесіледі. Жылына бір жарысқа ғана қатысатын баладан қандай спортшы шығады? Ауылдың азып- тозған спорт алаңында дайындалған бала үлкен қалалардағы керемет деген спорт залдарын көргенде абдырай бастайды, жарысқа дұрыстап дайындалып, жеңіске жетуді айтпағанда. Қаржы бөлу керек. Бірақ, қаржыны балаларға бөліп, жарыстарға жіберіп, машақаттанғанша, қомақты мемлекет қаражатына кәсіби деңгейі мықты шетелдік шеберлерді шақыртып алып, бір команданы жасақтай салып та атақ шығаруға болады. Жүлделі де боласың, атағың да шығады. Бірақ, ұсталып қалсаң, оңдырмас. Ал, дөкейің мықты болып, ұсталмасаң жүре беруіңе болады. Түбі ұсталасың ғой, сонда да...

Жайық АБДАНҰЛЫ

Tags:     спорт      коррупция

Похожие материалы:

Комментарии   

0 #2 Сарапшы 11.05.2014 14:12
Бақылау жоқ жерде "шіркін, ақша, жерде жатса" деп Қасым ағамыз айтқандай - неге оны алмасқа, қалтаға оны салмасқа! Мысалы, бөлінген бір теңге қайда жұмсалады, ол қаражатты жұмсау қажет па, қажет емес пе - оны сараптап отыратын бақылау функциялары кімге жүктелген - осы сұрақтар көкейтесті мәселе болып отыр! Өз балана да ақша бергенде, ойлап бересін ғой - балаға күнделікті 500-1000 теңге жарайды, бірақ сіз оған ешқашан 100000 теңге қалтасына салмайсыз, солай ма? Мысалға алматылық команда Астанаға ұшақпен ұшады, ал астанаға Алматыдан тікелей темір жол арқылы салқындатып купелік вагонмен жетуге болады - нәтижесінде Үкіметтін қанша қаражатын үнемдеуге болады деп ойлайсыз? Мысалдар көп, айта берсек сөз жетпес! Бірақ тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні - әрбір спортқа бөлінетін ақшанын жоспраын міндетті түрде сараптамадан өткізу керек, қалған жұмыс спорт басқармалары қатаң бақылауға алсын - мүмкін сонда ғана біздің спортымыздың дамуы үдерте түсер!
Цитировать
0 #1 Guest 11.05.2014 10:07
Как воровали.так и воруют в спорте.Кто катается по сборам.соревнов аниям от облспорта можно смело брать за жопу.Схема: бастык+тренер+с боры+бабки+баст ык(шапка)
Цитировать

Добавить комментарий


Обновить

Новости спорта